Құрметті пайдаланушылар, сайт сынақ режимінде жұмыс істейді. Ақпарат толықтырылуда.

Қамқоршылық кеңес отырысында жыл қорытындыланып, алдағы міндеттер айқындалды

# News
16 ноября, 2026

Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры Қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысы Ташкент қаласында өтті. Жиында 2026 жылғы жұмыс қорытындылары шығарылып, ауылдағы тірек мектептер желісін дамыту мәселелері талқыланды және қордың жаңа басшысы тағайындалды.

Отырыс өтетін орын кездейсоқ таңдалған жоқ. Қамқоршылық кеңестің тең төрағасы Ералы Тоғжанов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі болып тағайындалған болатын.

Еске сала кетейік, Қамқоршылық кеңес құрамына мемлекет және қоғам қайраткерлері Күләш Шәмшидинова мен Болат Жәмішев, қордың құрылтайшысы, aitas холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаев, қаржыгер және мемлекет қайраткері Ораз Жандосов, сондай-ақ Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов кіреді.

2026 жылдың қорытындысы: 193 мектеп және 6 800-ден астам кабинет

Отырыста таныстырылған негізгі нәтижелердің бірі – «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ауылдағы тірек мектептерді жабдықтау жұмыстарының аяқталуы. 2022–2025 жылдары «Қазақстан халқына» қоры осы мақсатқа 48 млрд теңгеге жуық қаражат бөлді. Нәтижесінде еліміздегі 193 ауылдық тірек мектептің 6 800-ден астам кабинеті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Жиында тірек мектептердегі білім сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелері де ұсынылды. PISA әдістемесіне негізделген мониторингке сәйкес, 2023 жылы жобаға қосылған мектептерде төртінші сынып оқушыларының сауаттылық деңгейі 20%-ға, ал сегізінші сынып оқушыларының көрсеткіші 30%-ға артқан.

Жоба халықаралық деңгейде де мойындалды. Өткен жылы ол HundrED ұйымының нұсқасы бойынша әлемдегі үздік 100 білім беру инновациясының қатарына енді. Ал биыл қор халықаралық коммерциялық емес EduEvidence ұйымының «Білім берудегі тең мүмкіндіктер мен қолжетімділік» санаты бойынша қола сертификатына ие болды. Аталған ұйым білім беру жобаларының нәтижелілігін, қоғамға ықпалын, сондай-ақ әділдік пен этикалық қағидаттарға сәйкестігін бағалайды.

Сонымен қатар қор командасы Қамқоршылық кеңес мүшелеріне Google for Education және «Ауылдағы ағылшын тілі» жобалары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелерін таныстырды.

Келесі қадам – ұлттық тірек мектептер желісін дамыту

Отырыс барысында қор қызметінің алдағы басым бағыттары айқындалды. Қамқоршылық кеңес ауылдағы тірек мектептердің ұлттық желісін құруда мемлекеттік органдарға қолдау көрсетуді жалғастыру міндетін белгіледі. Негізгі мақсат – Қазақстанның әрбір ауданы мен моноқаласындағы тірек мектептердің тұрақты дамуына жағдай жасау және ауылдағы білім сапасын арттыру.

Кеңес мүшелері ауылдық жерлерде ағылшын тілін оқыту мәселесіне де ерекше назар аударды. Қор командасына жобаны одан әрі іске асырудың моделі мен тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ шетелдік мұғалімдерді тартуға байланысты мәселелерді анықтау тапсырылды. Бұл жұмыстың негізіне екі жылдық пилоттық жобаның нәтижелері алынады. Оның қорытындысын ағымдағы оқу жылының соңында шығару жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, қор алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарын әзірлеп, Қамқоршылық кеңестің қарауына ұсынады.

Сабыржан Кеңшілік қор директоры болып тағайындалды

Қамқоршылық кеңестің тағы бір шешімі – Сабыржан Кеңшілікті Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры қызметіне тағайындау болды. Ол бұған дейін бес жыл бойы қорды басқарған, кейін aitas холдингінің вице-президенті қызметіне ауысқан Данияр Тоқтарбаевтың орнына келді.

Сабыржан Кеңшілік қор командасына 2023 жылы қосылды. 2025 жылдан бастап «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасына жетекшілік етіп келеді. Бұған дейін білім беру, қосымша білім беру және жастар саясаты салаларында қызмет атқарған.

Қамқоршылық кеңес мүшелері жаңа басшыға қызметінде табыс тілеп, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуіне сенім білдірді.

Другие новости
# Тірек мектептер
20.10.2026
Ұлттық ауыл тірек мектептері желісі: Ақмола облысында ауылдағы білімі деңгейі қалай дамып жатыр?
Ақкөлде Ақмола облысының тірек мектептерінің директорлары конференциясыға жиналып, стратегиялық сессияға қатысты
# News
10.10.2026
Сабыржан Кеншілік Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
aitas foundation құрамына кіретін Білім беру саласын тұрақты дамыту қорында кадрлық өзгерістер болды. Қор басшысының міндетін атқарушы болып бұған дейін «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасын басқарған Сабыржан Кеңшілік тағайындалды.
# Тірек мектептер
01.10.2026
Қазақстанның тірек мектептері 194 млн теңгеге спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Қазақстанның үш ауылдық тірек мектебі «Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Жақсылық жалғасады» республикалық бейнероликтер байқауында барлық жүлделі орындарды иеленді. Байқау қорытындысы бойынша мектептер жалпы құны 194 млн теңгені құрайтын жаңа спорт нысандарына ие болады.